Семей қалалық «ТВК-6» телеарнасы Жұмадағы жүздесу бағдарламасында ҚМДБ – ның Семей аймағы бойынша өкіл имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлының қатысуымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен және Ғұламалар кеңесінің бекітуімен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының таныстырылымы өтті.
Бағдарлама барысында бүгінгі таңда аса өзектілігі білініп отырған жан тәсілім ету, мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназа намазы, жерлеу рәсімдері және қабір мәселелері, қабірді зиярат етуге қатысты діни жоралғыларды бірізділендіру мәселелері турасында сөз болды.
Өкіл имам өз сөзінде «Бұл кітап Ғұламалар кеңесінде 3 жыл қаралып, дайындалды. Кітапта жаназаға қатысты үкімдер топтастырылды. Қайтыс болған кісіні жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдебі жан-жақты қамтылды. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын шығарудағы негізгі мақсат – еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу. Сондықтан енді менің ойымша деген сөзді азайтып, тек осы кітаппен амал ету қажет» екендігін баса айтты.
Бағдарламаны жүргізген Дүйсенбек Зейноллаұлы ағамызға «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын сыйға тартты.
Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.