Алаш арыстарының аманаты қандай? | Дихан Қамзабекұлы 1152 қаралым 01.10.2020 01.10.2020 Alashdin.kz 01.10.2020
Алаш қайраткерлерінің тіл саласындағы тағылымын биік бір асқарға теңесе болғандай. Сол асудың төңірегінде Алаш зиялыларының қазақ тілін дамытудағы еңбектерін ерекше бөле-жара айтуға болады. Алаш зиялыларының дербес мемлекеттілікке ұмтылыстарында қазақ тілінің мәртебесі туралы да ойлармен мұндалап тұрды. Оны олардың сол тұста жазған мақалаларынан және А.Байтұрсынұлының, С.Сәдуақасұлының Оқу комиссариатында басшылық еткен кезіндегі іс-қимылдарынан аңғаруға болады. Тіл – ұлт руханиятының негізгі өзегі екендігі де Алаш зиялыларының қоғамдық ойларынан және көркем шығармашылығынан көрініп жатты. Тілдің қоғамдағы орны мен рөлі жөніндегі қисынды пікірлер Ахаң бастаған алашшылдардың мақалаларынан көрініп жатты. Сондай-ақ, туған тіл тақырыбы ұлтты ұйыстырушы, халықтың төл болмысын айқындаушы фактор ретінде қазақ поэзиясында, әсіресе, М.Ж?мабаев, С.Торайғыров өлеңдерінде ерекше леппен жырлана бастады.