Семей мешіттерінің ұйытқы болуымен «Жылу сыйла!» қайырымдылық акциясы басталды Фото Видео

Семей Қос мұнаралы Орталық мешіті мен «Зекет» қорының ұйымдастыруымен «Жылу сыйла!»  атты қайырымдылық акциясы басталды. Мақсат аз қамтылған және көпбалалы мұқтаж отбасыларды қысқы отын, яғни көмірмен қамтамасыз ету.   

Карантин шектеулеріне байланысты көптеген отбасылар тұрақты табыс көзінен айрылғаны белгілі. Жылулық іздеген мұқтаж жандар жәрдем сұрап мешіт имамдарына баратын болған. Бұл жолы қаланың шеткері ауданында тұратын аз қамтылған жанұяларға 2-3 тоннадан көмір таратылып берілді.

-Қиын жағдайға тап болғандарға көмектесуге ниет білдірген азаматтар болса осынау қайырымдылық акциясына атсалысуға шақырамыз. Мұндай шара жыл сайын өткізіледі. Бұрындары 50 тоннадай көмір тарататынбыз. Ал, биыл пандемияға байланысты  қатты отын үлестіруді жоспарлап отырмыз, – дейді «Зекет» қорының өкілі, Семей қалалық орталық мешітінің наиб имамы Біржан Аманжолов.

Күздің қара суығында көмір алып, үйлерін жылытқан тұрғындар аталмыш қайырымдылық шарасына үлес қосқан мешіт имамдары мен қамқор жандарға алғыстарын білдіріп жатты.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.