«СЫРТЫН КӨРІП, СЫН ТАҚПА…»

Хажжаж ибн Юсуф атты өте қатал қолбасшы болған. Бір күні ол ойланып келе жатса, алдынан бір кісі шығады. Әлгі адаммен сөйлесіп қалып, халықтың өзі жайлы не ойлайтындығын білгісі келіп: «Хажжаж жайында не ойлайсың?», – деп сұрақ қояды. Сонда жолыққан адамы бірден: «Хажжаж – жауыз, нағыз оңбағанның өзі. Бір көрмей жүрмін, қолыма түссе сазайын берер едім», – ананы бүйткен, мынаны сүйткен деген сынды түрлі жаман сөздер айтады. Тыңдап болғаннан кейін Хажжаж оған: «Менің кім екенімді білесің бе?», – дейді. Әлгі адам:

         «Жоқ», – дейді. Хажжаж: «Мен сол Хажжаждың өзі едім», – депті. Сонда ана адамның түрі бозарып, шошып кетіп: «Ал менің кім екенімді білесің бе?», – деген екен. Хажжаж: «Жоқ», – десе: «Мен пәленше деген рудан шыққан, есі ауысқан біреу едім. Кейде аузыма келгенді сөйлеп, не айтып, не қойғанымды өзім білмей қаламын», – деген екен. Хажжаж оның тапқырлығына риза болып, қоя беріпті деседі.

         Отыра қалса жамандап, сыртынан сөз қылып жүрген адамын көргенде өзгеріп шығып, айтып жүрген сөздерін ұмытып, яки түк айтпағандай бола қалатындар көп-ақ. Жалпы бір кісіні нақты танымай, қасында жүрмей, анау айтты, мынау айтты екен деп ол жайында ешқандай тексерілмеген мағлұматты тарату мұсылманшылыққа мүлде жат.

         Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Егер пасық адам хабар алып келсе оны анықтап алыңдар», – дейді. Әсіресе әлеуметтік желілеріміз осындай еш тексеріссіз жала мен өсектің ордасына айналып отыр. Біреуді сөз қылуды әдетке айналдырған әр адам қияметте біреудің амалы емес, өз амалымыз үшін есепке тартылатынымызды ұмыпағаны жөн.

Шәкәрім бабамыз айтпақшы:

«Таза емес, – деп, – шекпенің»,

Сыртын көріп, сын тақпа.

Әркім орар еккенін,

Өз ішіңді салмақта.

Ол – не жақсы, не жаман,

Оның жүгі сенде емес.

Десе біреу: «Мен аман»,

 Ол зияннан кенде емес.

Шымылдық артын кім білер,

Шын иесі болмаса.

Соның жолы жөнделер,

Кімді сынап оңдаса!

Семей аймағына қарасты Аягөз қалалық орталық мешітінің бас имамы Д. Сайфулла.

«Ислам Нұры» газеті № 20  2020 жыл