Алла елшісі ешқашан өтірік айтпаған. Тіпті бұлай ойлаудың өзі қауіпті. Себебі, біздің ұстанып жүрген дініміздің жеткізушісі Пайғамбарымыз емес пе?! Ол кісі пайғамбарлық міндеті жүктелмей тұрғанда да тек шындықты сөйлеген. Сенімді, шыншыл Мұхаммед деген атқа ие болған.
Мекке халқына Өзіне ұлы міндет жүктелгенін айтпақ болғанда бір төбенің басына шығып былай дейді: “Қазір мына таудың аржағында қарулы әскер сіздерге шабуыл жасауға келе жатыр десем, маған сенесіздер ме?
Сонда қауымы: “Әрине, біз сенің өтірік айтқаныңды еш көрген емеспіз”, – деген екен.
Пайғамбар болғаннан кейін де тек шындықты сөйледі. Тіпті, әзілдесе де шындық айтатын. Бірде Пайғамбарымыздан бір кісі мінетін көлік сұрап келеді. Алла елшісі оған “Мен саған түйенің баласын мінгізейін”, – дейді. Мұны кішкене бота деп түсініп қалған әлгі кісі, “Оған қалай мінемін?” – деп таңқалысын білдіреді. Сонда, Пайғамбарымыз “Кез келген үлкен түйе де басқа бір түйенің баласы ғой”, – деп, бұл сөзінен үлкен түйені мақсат еткенін айтады.
Алла елшісі мұсылмандарға да шындық сөйлеуді өсиет ететін. Хадистерінде “Шындық жақсылыққа, жақсылық жұмаққа жетелейді. Адам тек шындық сөйлеуге дағдыланса, Алланың құзырында шыншыл деп жазылады. Өтірік арсыздыққа, арсыздық тозаққа жетелейді. Егер біреу өтірік сөйлегенін доғармаса, Алланың құзырында өтірікші болып жазылады”, – дейді.
Тағы бір сөзінде “Мұсылман адамның сараң болуы немесе қорқақ болуы мүмкін екенін, алайда өтірікші болуы еш мүмкін еместігін”, – айтады.
“Өтіріктің балын ішіп тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық”, – деп ұрандаған текті халықтың ұрпағы үшін ардақты Алла елшісінің осы қасиетін бойымызға сіңіріп, өсиеттерін өмірімізде іске асырудың, әсіресе, қазіргі күні маңызы өте үлкен. Себебі, көп сөйлейтін болғандықтан, байқамай өтірік айтып жібергенімізді сезбей қалуымыз да мүмкін.
Басшысы да, бағыныштысы да, еркегі де, әйелі де, баласы да, қысқасы, бәріміз осы бір қасиетке мұқтаж жағдайдамыз. Егер, осыған берік болсақ, көптеген мәселелер шешімін тауып, көптеген жамандықтардан сақтанар едік.
Дегенмен, әрқашан екі жақты да ойлайтын асыл дініміздің өтірік айтуға рұқсат берген жерлері де бар. Олар, хадисте айтылғандай: 1) Соғыста, өлім мен өмір мәселесінде.
2) Адамдардың арасын татуластыру үшін, “пәленше сені сыртыңнан мақтап жүреді, сенімен ренжіскеніне өкініп, қайта жарасқысы келіп жүр”, – деген сияқты.
3) Әйеліңе өтірік айту. Бұл істеген теріс қылықтарыңды жасыру үшін айтатын өтірік емес. Теріс қылық та, оны жасыру үшін айтылған өтірік те үлкен күнә болады. Ал, рұқсат етілген өтірік “Сен менің көзімде әлемдегі ең сұлу әйелсің, сенің тамағыңдай дәмді ас көргенім жоқ”, – деген секілді, отбасындағы татулықты арттыратын көтермелеуші сөздер.
Әр сөзіміз шын, әр ісіміз шынайы жандардан болуға жазсын!
Семей қалалық Тыныбай мешітінің наиб имамы Қуаныш Файзоллаұлы
Пікір қалдыру