ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ МЕН МЫСЫР ЕЛШІСІ ИМАМДАРҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАДЫ (ФОТО+ВИДЕО)

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мен Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Манал Ехия әл-Шиннауи ханым имамдарға сертификат табыстады.

Салтанатты іс-шарада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазақстан және Мысыр Араб Республикасы арасында бағзы заманнан қалыптасқан тарихи байланыс бар. Аллаға шүкір, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи байланысымыз тәуелсіздік алған жылдардан бастап қайта жаңғырды. Бүгінде Мысырдың Уақып министрлігімен, әл-Азһар университетімен, Пәтуа беру орталығымен әріптестік байланысымыз нығайып келеді. Мысырға барған сапарымда Қазақстанға бөлінетін білім грантын екі есеге ұлғайту туралы ұсыныс айттым. Әл-Азһар университеті бұл ұсынысымды қабыл алып, қолдау білдірді. Бұл еліміздегі барша дін қызметкерлері үшін үлкен тарихи жаңалық болды» деп атап өтті.

Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр Араб Республикасының әл-Азһар университеті арасындағы екіжақты келісімге сәйкес, қазақстандық имамдар үшін 2 айлық онлайн-курс ұйымдастырылған болатын. Онлайн курста білімін шыңдаған 14 имам Мысыр елшісінің қолынан сертификат алды.