Тәуелсіздік мерекесіне орай Тыныбай мешітінде ерекше шара өтті. (Фото)

Шариғат бойынша мұсылман адамның өміріндегі ең ұлық мерекелер – Ораза айт пен Құрбан айт екені белгілі. Дегенмен, еліміздегі ең қастерлі мерекенің бірі ретінде Тәуелсіздік мерекесін айтпай кетуге болмайды. Себебі, бізді асыл дінімізге қауыштырып, сана еркіндігі мен сенім еркіндігіне қол жеткізуімізге негіз болған нәрсе – ТӘУЕЛСІЗДІК екендігіне ешкімнің де таласы жоқ.
Ендеше, осындай қуанышты күнде мұсылман баласы бір-біріне сыйлық сыйлап, араларындағы бауырмашылық қасиетін арттырғаны жөн деп ойлаймыз. Осы орайда Семей қалалық Тыныбай мешітінде Бас имам Мақсат Қуанышұлының ұйытқы болуымен ерекше шара болып өтті. Атап айтқанда, қасиетті жұма күнінде таңертеңнен бастап мешітке келіп Құран оқытушы жамағатқа мерекелік сыйлық ретінде тәттілер салынға 100 дана сыйлық қорапшасы тарту етіліп, келген халықты мерекемен құттықтады. Ата-баба рухына Құран сауабын бағыштаған имамдарымыз, еліміздің егемендігінің баянды болып, қияметке дейін көк туымыздың биіктен түспеуін тілеп дұға қылды.
Өз кезегінде мешітке келуші жамағаттар да разылықтарын білдіріп, мерекелік көңіл күймен қайтты.
Еліміз аман, ел іргесі бүтін, күн сөнгенше еркіндігіміз өз қолымызда болсын деп тілейміз!

“Абай Құнанбайұлы” атындағы орталық мешітінің баспасөз қызметі