Елордада съезд хатшылығының ХХ отырысы басталды

Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының ХХ отырысы басталды.

Күн тәртібінде ҮІІ съездің секциялық отырыстарының модераторлары мен баяндамашыларын бекіту, съездің қорытынды құжаты – Декларациясы жобасын мақұлдау, Хатшылықтың ХХІ отырысын өткізу күні мен орнын бекіту, сондай-ақ кезекті ҮІІІ съезді өткізу мерзімдерін айқындау жоспарланған.

Хатшылық отырысына Парламент Сенатының Төрағасы М. Әшімбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, конфессия өкілдері, т.б. қатысуда.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының ХХ отырысында сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әрбір адамзат баласы ізгілікті алдымен өзінен бастау керек екенін еске салды.

«Жер шары – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне жақсылық жасасын, ренжітпесін» деген өсиеті бар. Ислам ғұламасы Жәлеледдин Руми: «Шоқ қай жерге түссе де мені күйдіреді» деген болатын. Шынында, шоқ жер шарының қай тарапына түссе де, бәрімізге өз зиянын тигізбей қоймайды.

 Жер бетіне бейбіт өмір орнату – күллі адамзаттың қажеттілігі. Бұл – ортақ келісім мен өзара түсінік аясында орындалатын іс. Кез-келген келіспеушілік жағдай келісіммен, даналыққа негізделген диалог негізінде шешілуі ләзім. Мейірімділік пен кешірімділік – барша қауымға ортақ қасиет. Жер бетінде осындай адамгершілік құндылықтардың салтанат құруын қалаған адам ең әуелі ізгілікті өзінен бастауы ләзім. Барша адамзат баласын «АЙНАЛАҒА МЕЙІРІМ КӨЗІМЕН ҚАРАУҒА» шақырамын.

Жер бетіне бейбіт өмір сыйлау – адамзаттың өз қолында. Ертеңгі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті алқалы жиыны адамзатты бірлік пен ынтымаққа шақыратын берекелік алаң болады деп сенемін», – деді Бас мүфти.