АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ИМАМДАРЫ АТТЕСТАТТАУДАН ӨТУДЕ

Абай облысының имамдары «Қос мұнаралы» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған аттестаттаудан өтуде. Дін мамандарының біліктілігін сараптау мақсатында жүргізіліп отырған сынақ екі күнге жоспарланып отыр. Осы уақыт аралығында имамдар Құран, ақида, фиқһ ілімдерімен қатар, діни қызмет туралы заңдардан біліктілігін сынға салатын болады. Аттестаттау компьютерлік тест және ауызша екі нұсқада жүргізілуде. Жалпы, сынаққа өңірден 170-ке жуық имам қатысуда.

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен құрылған аттестаттау комиссиясының құрамында Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай, ҚМДБ «Уағыз-насихат» бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі бар.

«Бұл жерде біреуді құлату немесе жұмыстан алып тастау емес. Бұл – имамдардың білімін шыңдау, біліктілігін көтеру», – деді комиссия мүшесі Батыржан Берденұлы.

Мүфтият тарапынан үш жыл сайын ұйымдастырылатын аталмыш сынақтың дін мамандарының біліктілігін арттыруда, діни қызмет сапасын жақсартуда маңызы зор.