ІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СӘН КИІМ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен ІІ республикалық мұсылман әйелдерінің «Әсем киім – әйел ажары» сән киім байқауы өтті.

Іс-шараның мақсаты – әйел-қыздарға шариғат пен дәстүрімізге сай, қазіргі заман талабына орай орамал мен мұсылманша киім үлгілерін ұсыну. Байқауда облыс-өңірден келген жиырмаға жуық дизайнердің ұсынған 200-ден астам мұсылманша киім үлгілері көрсетілді.

Қазылардың шешіміне сәйкес, Жұлдыз Шарипова (Алматы облысы) мен Сарвиноз Фазыловаға (Маңғыстау облысы) ынталандыру сыйлығы берілді. Үшінші орынға Зульфия Ақатаева (Алматы қаласы) лайықты деп танылды. Ал екінші орын Айзада Кененге (Атырау облысы) бұйырды. Жүлделі бірінші орынды Мақпал Ысмайылова (Астана қаласы) жеңіп алды.

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы ІІ республикалық мұсылман әйелдерінің «Әсем киім – әйел ажары» сән киім байқауына қатысып, мүфтият жанындағы Әйел-қыздар секторының аймақтағы өкілдерін алғыс хатпен марапаттап, игі тілегін білдірді.

«Халқымыз: «Отан – отбасыдан басталады» деген. Кез келген қоғамның маңызды институттарының бірі – отбасы. Аллаға шүкір, бүгінде Діни басқарма қоғамға отбасы құндылығын насихаттау бойынша көптеген іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл бағытта сіздердің еңбектеріңіз ерекше. Алла разы болсын», – деді Бас мүфти.