“НҰР-МҮБӘРАК” УНИВЕРСИТЕТІМЕН МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің басшылығымен және шәкірттермен кездесті. Кездесу барысында қос тарап университет пен басқарма арасында дін саласындағы саясатты жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойды.

Сонымен қатар, Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев университетте білім алып жатқан жерлес-шәкірттермен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – шәкірттерді Абай облысына жұмыс істеуге шақыру.

Кездесу барысында Айдар Садырбаев Абай облысында дін саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сөз қозғап, шәкірттердің туған жерге келіп жұмыс істеулеріне қажетті жағдайлар жасалатынын атап өтті.

Қазіргі уақытта Нұр-Мүбарак Египтет ислам мәдениеті университетінде Абай облысынан Исламтану мамандығы бойынша 31 шәкірт, теология мамандығы бойынша 3 шәкірт білім алуда. Биылғы жылы 4 курста «Исламтану» мамандығында білім алып жатқан Абай облысының 4 шәкірті оқуын тамамдайды.

Айта кетейік, бүгінгі күні Абай облысында 134 мешіт тіркелген. Сонымен қатар облыста 15 мешіт, 2 намазхана мен Семей қаласында 100 шәкіртке арналған 1 медресенің құрылысы жүруде. Аймақ мешіттерінде 169 дін қызметкері жұмыс жасайды.