МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АБАЙ ЕЛІНДЕ АУЫЗАШАР БЕРДІ

Абай елінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Рамазан айында ораза тұтқан жамағатқа ауызашар берілді. 300-ден аса адам қатысқан берекелі жиында облыстың барлық қалалары мен аудандарынан қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, еңбек ардагерлері мен дін қызметкерлері, мешіт жамағаты мен жастар болды.

Сонымен қатар, шараға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти, Ғұламалар кеңесінің және республикалық ақпараттық-насихаттау тобының мүшесі Сансызбай Құрбанұлы арнайы келіп, дін және дәстүр сабақтастығы, отбасы құндылықтары тақырыптары төңірегінде ақпарат берді.

Жиында сөз алған Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы: «Президентіміз жақында дәстүрлі исламды дәріптеудің маңыздылығын көтеріп, оның ғылыми-теориялық негізін дамытуды тапсырған болатын. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Ұлттық салт-санамызды ұмыт қалдырмай, халқымыздың рухани іліміне көңіл бөлетін болсақ еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз. Мемлекет басшысының дін саласындағы жұмыстарды жандандыруға арналған тапсырмалары қоғам бірлігіне, ауызбіршілікті нығайтуға үлкен үлес қосуда деп сеніммен айта аламыз!», – деп ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ниеттерінің қабыл болуын тіледі.