БЕСҚАРАҒАЙ АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Алладан сауап үміт еткен жомарт Итемгеновтар әулетінің демеушілігімен бірлігі мен берекесі жарасқан киелі мекен Бесқарағай жерінде жаңа мешіт ашылды. Жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын құлшылық үйінде имамдар бөлмесі, кітапхана және әйелдерге арналған намаз бөлмесі бар. Сәулетінің өзгешелімен ерекшеленген мешіт 350 адамға арналған.

Ақ мешіттің ашылуына халық жаппай жиылып, жаңа нысанның қолданысқа берілуін аудан тұрғындары қуанышқа балады. Тағылымды шарада арнайы келген құрметті меймандар сөз алып, ақ тілектер төгілді.

Алла үйінің бой көтеруіне ықпал жасап, күш-жігерін аямаған жандарға тұрғындар өз алдына алғыстарын жаудырды.

Мешіттің салтанатты ашылуында Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы құттықтау сөз сөйлеп, имандылық ордасы ел бірлігін сақтаудың ұйытқысы екенін жеткізді.