ҚҰРБАН АЙТТА МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА ЕТ ТАРАТЫЛДЫ (ФОТО)

Қасиетті Құрбан айт күнінде  еліміз бойынша құрбан шалу рәсіміне қатысты ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары жоғары дең гейде өтті. Үйлестіру жұмыстарына бекітілген ҚМДБ қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, өз міндеттерін тиісті деңгейде орындады. Жұмыс барысында санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланды.

Мұсылман қауымының ұлық мейрамында қайырымдылық шарасын жандандыра түсу мақсатында құрылған арнайы жұмыс тобының мәліметі бойынша Құрбан айт күндері  1098 қой, 34 ешкі, 145 ірі қара сойылса, 3000-ға жуық  мұқтаж отбасыға және 9 мекемеге құрбандық еті жеткізілді.

Облыс  бойынша www.qurban2023.kz сайтына қашықтан құрбан шалуға тапсырыс берген азаматтардың уәкілдік құрбандығы толығымен орындалды. Осы уәкілдік құрбандығының есебін қажет еткен жандарға атқарылған іс-шаралардың фото, видео мәліметі толық жіберілді. Уәкілдік құрбандыққа қатысты туындаған сұрақтар бойынша азаматтермен жеке жұмыс жасалып, мамандарымыз тиісті жауаптарын берді. Сұрақтар толығымен қанағаттандырылды.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Абай облысы бойынша қайырымдылық шарасына белсенді түрде атсалысып, мұқтаждың мұңын бөлісіп, сауапқа үлес қосқан барша азаматтарға, сондай-ақ жекелеген кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына айрықша алғыс айтамыз.

Алла Тағала жасаған қайырымдылықтың қайырын өздеріңізге еселеп қайтарсын деген дұға-тілектеміз.