«DINTELLECT» ЗИЯТКЕРЛІК БІЛІМ САЙЫСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

ҚМДБ Абай облысы бойынша Жастар ісі секторы облыстық деңгейде «DINTELLECT» зияткерлік білім сайысын ұйымдастырды. “Әлихан Бөкейхан” университетінің қабырғасында өткен додаға отызға жуық мешіт жамағаты, оның ішінде шәкірттер мен студент жастар қатысты.

Аталмыш дода алты турдан тұрды. Бастапқы турда қатысушылар тест форматындағы сұрақтарға жауап берсе, екінші тур сөзжұмбақтармен жалғасты. Ал үшінші турдың сұрақтары фото, аудио, видео түрінде берілді. Кейін төртінші тур «Тақырып не?» деп аталып, бұл турда 5 сұрақтың жауабы бір тақырыпқа қатысты болды. Бесінші тур логикалық сұрақтарға арналса, соңғы турда күрделенген діни сұрақтар берілді.

Сайыс нәтижесі бойынша “Тыныбай” мешітінің команда шәкірттері 3-орынды иеленсе, «Мәуліт» команда шәкірттері 2-орынға жайғасты. «DINTELLECT» зияткерлік білім сайысының бас жүлдесін “Абай Құнанбайұлы” атындағы орталық мешітінің «Болашақ дәрігерлер» командасы қанжығасына байлады. Жеңімпаз командалардың барлығына қаржылай сыйлықтар беріліп, арнайы дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, білім сайысына қатысқан басқа командаларға да ынталандыру сыйлығы берілді. Ойлы жастарға облыс бас имамы Асқар Әбітайұлы қызықты да тартысты өткен сайыс үшін алғысын білдіріп, жеңімпаз командаға сәттілік тіледі.

Еске сала кетейік, облыстық «DINTELLECT» зияткерлік білім сайысында үздік деп танылған команда республикалық бәсекеде бағын сынайды.