Абай облысы Семей қаласындағы “Хакім Хазрет” медресесінің кезекті шәкірттері қасиетті Құран кәрімді толық жаттап қари атанды.
Осындай қуанышты күнге куә болып, Абай облысы халқының қуанышына ортақтасу үшін имамдар мен ұстаздар, белсенді жамағаттар арнайы келді.
Құран Кәрімді толық аяқтап біткен қариларымыз – Рахимов Әмір, Бертаев Абдулазиз, Қабылқақ Салих қариларға Абай облысының Бас имамы Асқар Әбітайұлы арнайы сертификат пен сыйлық табыстады.
Өңіріміздің ақ жаулықты әжелері облысымыздан шыққан қариларымыз бен осындай ізгі ұрпақтарды өмірге әкелген ата-аналарына шашуларын шашып, Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы облыс жамағаты атынан қариларымызға тәлім берген Хакім Хазрет медресесінің ұстаздарына бір-бір тұлпар мінгізді.
Айта кететін жайт, бұл қариларымыз “Хакім Хазрет” қарилық медресесін тәмамдап жатқан екінші түлектер. Осыдан бір жыл бұрын осы медреседен тағы да үш қариларымыз түлеп ұшқан еді.
Ізгі шара Абай Құнанбайұлы атындағы облыстық орталық мешіт жанындағы Дін мен дәстүр орталығында мерекелік кешпен жалғасын тауып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарымыз бен қала тұрғындарына арнайы ақ дастарқан жайылды.
Рухани кеште мәнді уағыз-насихаттар да, жүрек тебірентер дәстүрлі жырлар да, жүрекжарды тілектер де айтылды. Еліміздің әр өңіріне осындай қуанышты той, екі дүниелік бақытқа жеткізер ғибратты жиын тілейміз!































Пікір қалдыру