Қазақ халқының дана да, дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Зекет және қайырымдылық қорының Абай облыстық филиалы мен Семей қалалық Әбу Бәкір Сыддық мешітінің бас имамы Айдын Сәлімханұлының ұйымдастыруымен аз қамтылған 180 отбасыға қайырымдылық жасалып, күнделікті қажетті азық-түлік қораптары таратылды.
Қайырымдылық акциясының алғы сөзін алған Абай облыстық орталық мешітінің наиб имамы Қуаныш Файзоллаұлы ізгі шараға сәттілік тілеп, Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлының ыстық сәлемін жеткізді.
Сондай-ақ, Абай атамыздың «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», деген даналық ұстанымын мысалға келтіре отырып, бүгінгі шараның халқымыздың береке-бірлігін арттырудағы маңызына тоқталып, осынау игі іске мұрындық болған және демеушілік жасаған жаны жайсаң жандарға алғысын білдірді.
Игі шараға Семей қаласының мәслихат депутаты Ақмарал Ерланқызы да арнайы қатысып, осындай игі істердің жалғасын таба беруіне тілектестігін білдірді.
Абай Құнанбайұлының мерейтойы қарсаңында қарапайым қала тұрғындарына қуаныш сыйлаған қайырымдылық шарасының соңында құрметті ақсақалымыз Жетпісбай Қасымжанұлы жиналған жұртқа ақ батасын беріп, ізгі тілегін арнады.
Зекет және қайырымдылық қорының Абай облыстық филиалының басшысы Рашид Жамалбекұлы қайырымдылық шаралардың әлі де жалғасатынын айтып, алдағы уақытта «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен сөмкелер әперу жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, Зекет және қайырымдылық қорының жұмысын жандандыра түсуге белсене үлес қосып келе жатқан Әбу Бәкір Сыддық мешітінің бас имамы Айдын Сәлімханұлына алғысын айтып, қызметіне сәттілік тіледі.



























Пікір қалдыру