Абай облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Абай атындағы Семей мемлекеттік театрында “ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАҒА ТАҒЗЫМЫ” атты Мәуліт кеші атап өтілді. Кештің басты жаңалығы болып, қалалық “Дариға-ай жастар” театрының орындауындағы “Құнанбайдың қажылығы” атты спектальнің тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартты.
Кеш шымылдығы қойылыммен ашылып, сонау он тоғызыншы ғасырдың соқпақ кезеңі шынайы сомдалып, халыққа ерекше әсер қалдырды.
Сондай-ақ, Мәуліт жыры оқылып, театрға жиналған барша халық Алла елшісіне ﷺ арнайы салауат айтып, жүрек лебіздерін арнады.
Кеш соңында Абай облысының Бас имамы Асқар Әбітайұлы Мәуліт мерекесін атап өту кеше ғана пайда болған дүние емес, тарихқа көз жүгіртсек бабаларымыздың Алла елшісі ﷺ өмірге келген айды дәстүрлі түрде атап өткендігін, арнайы түрде Мәуліт жырларының небір түрлерін, Пайғамбарымызға ﷺ арналған махаббатқа толы шығармаларын бізге мұра еткендігін атап өтті. Сондай-ақ, Алла елшісінің ﷺ бойында мұсылман үмметі үшін, тіпті, жаны ізгілікті аңсаған барша адамзат баласы үшін ерекше өнеге бар екендігін, Пайғамбарымыздың ﷺ адалдықтың пен шыншылдықтың, әділдік пен адамгершіліктің, қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің, жалпы барлық көркем мінездің үлгісі екендігін жеткізді.
Асқар Әбітайұлы осы кештің көркін қыздырған қойылымның режиссеры Еркебұлан Нұғыманов пен “Дариға-ай жастар” театрына ерекше алғысын білдіріп, арнайы алғыс хат табыстады.
Мәуліт кешін көруге келген қала тұрғындары рухани шарадан жан тыныштығын тауып, ұйымдастырушылар мен театр ұжымына алғыстарын білдірді.





























Пікір қалдыру