АЖЫРАСУ – СОҢҒЫ ШАРА

Отбасыдағы ең маңызды фактор – ерлі-зайыптылар бір-біріне байланысты міндеттерін білуі және араларындағы жылулығы. Осыған мән бергендер нәтижесінде бақытты өмір сүруде.

Отбасылық өміріміздің жалғасуын қиындататын нәрсенің бірі – той. Жастар отауларына кірмей тұрып тойларын харамға толтырып өткізеді. Осылай тойды өткізу – келешектегі бақытсыз ғұмырдың алғашқы бір тетігі.

Көп тойларымыз ішімдікке толы өтуде. Үйленгендер ішпесе де ішкендерге қызмет қылып, оған себеп болғандығы үшін күнә алады. Осылайша отбасының іргетасын дұрыс орнатпаған болады.

Тек қана ішімдік пе? Ислам діні некесіз еркек пен әйелдің қол алысып амандасуына тыйым салған. Ал тойда мұсылманмын деп жүрген әйелдер мен ерр адамдар қол алысып, құшақтасып, бір-бірімен билеуде. Кейін құттықтаймын деп, туысы болмаған адамдар жас жұбайларды шүлпілдетіп сүюде.

Енді айтыңызшы, хараммен үйленіп, ішімдіктен дүниеге келген баладан адалдық пен жақсылық күту күлкілі емес пе? Мынаны ұмытпайық. “Бір харамда 40 түрлі бәле бар”. (Хадис)

Адам баласы – жараталыстың ең ардақтысы. Бірақ шәһуатының қалауларын орындаймын деп өзінің қадір-қасиетін төмендетіп алады. Орынды болсын, орынсыз болсын, ашулана беретіндерді көріп жүрміз. Ерлі-зайыптылар нәпсілерін тізгіндеп, ашуларына бой алдырмай өздерін бекем ұстаған уақытта шаңырақтарын шайқалтпай бақытты ғұмыр кеше алады. Еркек әйелінің жасаған бір қателігін көрген уақытта ол қателікті асықпай ой елегінен өткізу керек. Егер ол қателік ғибадатын тастау, харам жасау, намысқа кір келетіндей болмаса оны жеңіл қабылдап, жұмсақ түсіргенері абзал. Бірден ашуланып жағадан алмау қажет. Әйел де дәл солай.

Шаңырақты шайқалтпау үшін бір-бірімен дөрекі араласпауы шарт. Еркектер әйелдерінің мінезін жақсы біліп алғаны жөн. Барлық әйел заты бірдей емес. Кейбірі рахаттануды жақсы көреді, енді біреуі даланы жақсы көреді, тағы біреуі үйді жақсы көреді.

Үйді жақсы көретін әйел аяғының астында жаннат жатқан “Ана”. Көшеде қыдыруды жақсы көрген әйел дұшпандардың көздерімен тамашаланған, аяқтарының астында шайналып қалған бір бейшара сағыз іспетті.

Дереу шешім шығару әйелдің жаратылысында бар нәрсе. Егер әйелде некенің басшылық құқығы болса, жүктілік және етеккір секілді жаны қиналғанда бұл шешім шығарғыштығы одан бетер арта түсуі оның қолындағы ажырасудың жібін бірден үзіп жіберуіне ықтималы бар.

Ислам діні ажырасуды мәжбүр қылған кезде құтылу құқығы деп қабыл еткен. Осы құқықты ер кісіге берген. Егер әйелге берілгенде кішкентай келіспеушілік туындағанда бірден қолданып жібере салатын еді. Бұл арқылы өте көп отбасы бұзылады. Тәртіп кетеді. Сондықтан Адам пайғамбардан бастап қияметтің таңына дейін отбасыдағы басшылық міндеті ер адамға берілген.

Ажырасқаннан кейін ажырасқан әйелінің сырларын басқаға айтпау керек. Бір күні дініне берік тақуа кісі әйелімен ажырасқысы келеді. Одан: “Неге ажырасқалы жатырсың?” – деп біреулер сұрады. Ол мына жауапты қайырды: “Ақылды адам әйелінің сырларын айтпайды”.

Сосын әйелімен ажырасады. Ажырасып біткеннен кейін тағы біреуі келіп: “Неге ажырастың?” – деп сұрады. Ол: “Мен енді біреудің әйелін айтып не қылайын.”, -деді. Міне, ақылы толық еркектер осылай әрекет етуі керек.

“Сезім ұясы” кітабы негізінде дайындалды.