Құрбан айт жылдан жылға халқымыздың жүрегіне тереңінен орын алып, діни мереке ретінде ғана қарастырылмай, ұлттық сипат алып келе жатыр. Мұны халқымыздың Құрбан айттағы мерекелік көңіл-күйі мен түрлі рухани, мәдени шараларынан байқауға болады.
Абай облысы бойынша да биылғы жылғы Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Абай облысының барлық мешіттерінде таңғы сағат 6-да Айт намазы оқылып, жамағат бірін-бірі айтпен құттықтап, ақсақалдардың ақ батасын алдық. Мешіттеріміздің алдына киіз үй құрылып, мерекелік көңіл күй сыйлап, қайырымдылық жәрмеңкелері ұйымдастырылды.
Сондай-ақ облысымыз бойынша мешіттерге айт намазына келген жамағаттарға арнайы мерекелік көңіл – күй сыйлау мақсатында ұлттық ойындар бойынша сайыстар өткізіліп, жеңімпаздарға диплом мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Биылғы Құрбан айтта Абай облысы бойынша “Раббың үшін құрбан шал” акциясы барысында 1024 қой, 92 ешкі, 102 ірі қара мал құрбандыққа шалынды. Сондай-ақ, құрбандық еттері облысымыз бойынша мешіттерімізге қайырымдылық көмек сұрап, өтініш берген 3167 мұқтаж отбасыға таратылды. Одан бөлек 18 мекемеге көмек берілді.
Сонымен қатар, Құрбан айт мерекесінде ерекше көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы мекемелерге айттық сыйы таратылды. Атап айтқанда, мешіт жамағаттарына, балалар үйіне, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көше тазалықшылары, қарттарға және түзету мекемесінде жазасын өтеушілерге табысталды. Абай облысы бойынша жалпы жиыны 606 айттық сыйы таратылды.
Құрбан айттағы барлық игі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан барша мешіт қызметкерлеріне, белсенді жамағаттарына, жергілікті әкімшіліктер мен дін жанашыры азаматтарымызға Алла разы болсын дейміз! Айттан айтқа еліміз аман, жұртымыз тыныш, береке-бірлікте жете берейік!































Пікір қалдыру