ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘҢІР БЕРГЕН ТӘТТІ СЫЙ

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлауға қатысты пікір білдіре отырып: «Келер жылы – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ол экономикалық әрі саяси реформалар, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, экологияны қорғау ұранымен өтуі керек. Қазір осынау маңызды тарихи датаға орай көптеген салтанатты шара өткізетін уақыт емес. Біз маңызды істерді ұзаққа созбай, қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз керек» деді.

Шынында, Тәуелсіздік күні – маңызды тарихи дата. Оны той тойлау үшін емес, бәрімізге ой толғау үшін жоғары деңгейде атап өтуіміз керек. Себебі Тәуелсіздік – бабаларымыз аңсап, біздің қолымыз жеткен Тәңір берген тәтті сый. Осы 30 жыл ішінде Қазақстан күш-қуаты нығайып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы бар.

Егемен еліміз, сүйікті Отанымыз жыл сайын 16 желтоқсанда ұлттық мереке — Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Биыл, өкінішке қарай, әлемдік пандемия салдарынан салтанатты шаралар өтпеді. Дегенмен халқымыз үшін бұл күн мәні мен маңызын жоғалтпайды. Бұл күн әрбір отаншыл, патриот азаматтың жүрегінде от болып лаулап, еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, болашаққа деген сенімін нығайта түседі. Себебі Отанды сүю – адамзаттың асыл міндеті, азаматтық борышы, өмірлік ұстанымы.

Отан – әрқайсымыздың дүниеге келіп, кіндігіміз кесілген, топырағына аунап өскен, ауасын жұтып, суын ішкен, тілінде сөйлеп, дінінен тәрбие алған туған жеріміз. «Отансыз адам, ормансыз құс» деп қазақ бекер айтпаған. Біздің Отанымыз – жер көлемі бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бірі Тәуелсіз Қазақстан. Осындай керемет елді, кең байтақ жерді бізге Отан етіп берген, бізді осы елде жаратқан Алла Тағалаға сансыз шүкірлік айтамыз.

Асыл дініміз бізді отансүйгіштікке, елді құрметтеуге, туған жерді бағалауға шақырады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жерін ерекше жақсы көрген. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жер бетіндегі ең қасиетті мекен Мекке қаласында дүниеге келді. Алладан пайғамбарлық жауапкершілік жүктелген күннен бастап, дін дұшпандарының қатары артты. Меккедегі мүшріктерден көп қиындық көріп, Исламның болашағы үшін Мәдинаға қоныс аударуға мәжбүр болды.

Меккеден Мәдинаға хижрет жасап шыққан кезінде Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кіндік қаны тамған Меккеге жабырқау көңілмен ұзақ қарап: «Ей, Ибраһим пайғамбар дұға қылған шаһар! Жетпіс алты пайғамбар өткен шаһар! Ей, кіндік қаным төгілген шаһар! Қасиетті Қағба орналасқан шаһар! Сені тағы көруді Алла нәсіп етсін! Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім. Отанды сүю – иманнан» деді. Пайғамбарымыздың өскен жерін қимай, оған ұзақ қарап, Отанымен қимастықпен қоштасқаны, көңіл құлазыған сәті – біз үшін сабақ.

Отанға деген махаббат адам талғамайды. Пайғамбар да, патша да, қарапайым адам да Отанын құрметтеп, сүйе білу керек. Елбасы,  Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Отанды қастерлеу – елдігіміздің тірегі. Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз. Біле білсек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!» деді өз сөзінде. Елбасымыз өзінің еліне, Отанына, отандастарына 30 жылдай адал қызмет ете отырып, Отанына деген махаббатын дәлелдеді.

Отанға деген сүйіспеншілік асыл дінімізбен егіз ұғым екенін дін қызметкерлері де кеңінен насихаттап жүр. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Біз сан ғасырлық тарихымызда ­талай сындарлы сәттер мен сынақтарды, зобалаң замандар мен нәубеттерді бастан кешкен елміз. Сын сағаттарда бір-бірімізге қамқорлық көрсетіп, ­иманымыз бен бауырмалдығымыздың арқасында аман қалған рухы биік ­жоралы жұртпыз» деп Отанына деген құрметін білдірді.

Бас мүфти бастаған дін қызметкерлері еліне, халқына деген құрметін іспен де дәлелдеп жүр. Атап айтсақ, ҚМДБ-ның 30 жылдығы аясында жомарт жандардың демеушілігімен 30 елдімекенге көпір салынды, 40 құдық ел игілігіне берілді. Оқуда озат болған, көмекке зәру отбасыдан шыққан 30 шәкіртке мүфтият гранты табысталды. Республика көлемінде «30 жылдық мерейтойға 30 мың көшет отырғызу» атты игі шара жүзеге асырылды. Республика бойынша ең ауқымды «Ел үлесі пәтерге» атты жоба аясында бүгінгі таңда 330-ға жуық баспана кілті табысталды. Мұның бәрі – еліміздің, Отанымызды игілігі, отандастарымыздың болашағы үшін жасалған шаралар.

Отанды, елді қорғағанда, атақ алу үшін, абыройға кенелу үшін емес, «Ұрпағым, елім болашақта қорғансыз қалмасын, Отансыздықтың азабын тартпасын» деп қорғау керек. Жер бетінде Отансыз азап тартып жүрген ұлттар қаншама? Бар Отанының қадірін білмей жүргендер қаншама? Қазір әсіресе жастар арасында шетелге кетіп жатқандар бар. Әрине оқу-білім қуып, кейін елге келіп, алған білімін ел игілігіне жаратып жатса, сауабы өте мол. Ал Отанынан жеріп, өзге елге көшіп жатқандардың болашағы қалай болатыны белгісіз.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық мақалы тегін айтылмаған. Кезінде тарихтағы ауыр жылдарда қаншама ата-бабамыз өзге елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Олар өз елінен қимай-қимай жылап кетті. Өзге елдерде жүрсе де туған тілін, дінін, мәдениетін ұмытпай, ұрпағын ұлттық дәстүрде тәрбиеледі. Бұл Отанға деген сағыныш пен махаббат емей немене? Аллаға тәубе, еліміз егемендік алғаннан кейін, Елбасымыздың бастамасымен қаншама қандастарымыз тарихи Отанына оралып, атамекенімен қауышты.

Қазақ поэзиясының классигі Мұқағали Мақатаев ел шекарасында тұрып:

Мен, міне, Отанымның шетіндемін.
Маған жер жоқ, Отан жоқ әрі қарай,
Әрі қарай мекен жоқ жаныма жай.

Осы жерден шығады күнім менің,
Осы жерден атады таңым арай.
Осы жерден Отаным басталады,
Бақытымның осында тас қамалы, – 
деп Отанына деген махаббатын өлеңмен жеткізіпті. Осылайша Отанының шекарасынан асқандарға бақыт жоқ екенін баяндайды.

Аллаға шүкір, келер жылы біздің Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанның егеменді ел болғанына 30 жыл толмақ. Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған ұлы далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ. Алла Тағала бізді осы бақытымыздан айырмасын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Тыныштықбай МЫРЗАЕВ,

Абдулла мешітінің бас имамы,

Алматы қаласы