ЖАМАҒАТ НАМАЗЫНДА САПТЫ ТҮЗЕУДІҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

Төрт мазһаб соның ішінде Ханафи мазһабының ғалымдары да [1] жамағат намазындағы саптың түзулігін намаздың сүннеттерінен санаған. Сондай-ақ, имамның жамағатқа сапты түзетуді ескертуі де сүннет болып табылады (Зәйләғи, Тәбиинул хақаиқ, 1/136).

Себебі, Әнәс ибн Мәлик (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі ﷺ «Саптарыңды түзулеңдер. Себебі, саптың түзулігі – намаздың кемелдігінен», – деген (Сахих Бұхари риуаяты).

Сондай-ақ, саптың арасында бос орын да қалдырмаған жөн. Өйткені, Алла елшісінің ﷺ бір хадисінде «Кімде-кім саптағы бос жерді толықтырса, Алла Тағала оның дәрежесін жоғарылатады», – делінген (Ибн Мәжә риуаяты).

Пайғамбарымыз ﷺ басқа бір хадисінде «Саптарыңды түзу қылыңдар! Иықтарыңды теңестіріңдер. Бауырларыңның қолдарына ыңғайлы болыңдар (яғни, сапты түзетуге тырысқан бауырларыңа жұмсақтық танытып, ыңғайына жығылыңдар). Бос орындарды толықтырыңдар. Себебі, шайтан сендердің араларыңа «тайпақ қара қойдың» кейпінде кіріп алады», – деп ескертеді (Ахмед ибн Ханбал риуаяты).

Қорыта айтқанда, саптың түзу болуы, арада бос орынның қалмауы, мұсылмандардың иық тіресе тұрулары – жамағат намазының рухы іспеттес. Мұндағы мақсат – мұсылмандардың бір үммет болып, бірауыздан Алланың құлдары екендіктерін мойындай отырып, шынайы ықыласпен құлшылықтарын атқару болып саналады.

Қуаныш Файзоллаұлы, Абай облысы бойынша«Шариғат және пәтуа» бөліміне жауапты маман

 

[1] Зәйләғи, Тәбиинул хақаиқ, 1/136; Хашия Әт-Тахтауи, 206-207 бб.