ҚМДБ “ХАЛАЛ ДАМУ” МАМАНДАРЫ АБАЙ ӨҢІРІНЕ ІС-САПАРҒА КЕЛДІ

ҚМДБ, “Халал даму” мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлы мен технолог маман Мейіржан Бауыржанұлы Абай облысына іс-сапармен келді. Іс-сапар барысында Семей қаласындағы “ARAİ-EAST EOOD”, “ADAL AS” сынды “ҚМДБ ХАЛАЛ” сертификатын иеленген бірқатар кәсіпорындар мен тамақтану орындарын және жергілікті ет дүкендерін аралап, халал стандарттарға сәйкес жұмыс атқару барыстарына тексеріс жүргізді. Сондай-ақ, Семей қаласындағы басқа да  халал стандарттарға өтіп, сертификат алуға ниетті бірқатар кәсіпорындармен танысып шықты.

Бақылау-қадағалау шараларына Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы мен Халал даму мекемесінің Абай облысы бойынша жауапты өкілі Ардақ Миллетұлы да арнайы қатысты.

Сонымен қатар, Халал даму директоры Айбек Асқарбекұлы мен технолг-маман Мейіржан Бауыржанұлы Семей қалалық Тыныбай мешітінде қала тұрғындарына, жамағаттар мен кәсіпкерлерге арналған семинар өткізіп, Халал даму мекемесінің стандарттары, жұмыс істеу ережелері, халал сертификатқа ие болу талаптарына қатысты слайдтар негізінде дайындалған дәріс оқыды.