МҰРАГЕР ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА МИРАСТАН ШЕТ ҚАЛУЫ МҮМКІН

Ешбір адам мұрагерді мирастан шеттету құқығы мен құзіреттілігіне ие емес. Алайда, кей жағдайларда адам өзіне тиесілі мұраға қол жеткізе алмай қалуы мүмкін. Оларды төмендегідей бөліп қарастыруға болады:

1) Мұрагер тезірек мұраға ие болу үшін әдейі қастандық жасап, мирас қалдырушы кісіні өлтірсе және бұл қылмысы толық дәлелденсе, мұрадан мақұрым қалады[1].

2) Мұрагер мен мирас қалдырушы кісілер әртүрлі дінді ұстанған жағдайда мұраға ие бола алмайды[2]. Мысалы, мұсылман кісі дүние салып, оның баласы басқа дінді ұстанатын немесе дінсіз адам болса, шариғат үкімі бойынша әкесінің мүлкіне мұрагер болуға құқығы жоқ.

3) Мұрагер басқа мемлекеттің тұрғыны болса және бұл екі ел бір-біріне дұшпан болған жағдайда мирастан шет қалады[3].

4) Өлім уақыты белсіз болған жағдайда мұрагер мирастан шет қалады[4]. Мысалы, әкесі мен баласы өртте немесе соғыс кезінде қайтыс болып, қайсысының бірінші дүние салғаны белгісіз болса, екеуі бір-біріне мұрагер бола алмайды. Әрқайсының мұрасы басқа мұрагерлер арасында үлестіріледі. Ал, егер баласы әкесінен кейін қайтыс болғаны белгілі болса, оның дүние-мүлкіне әкесінің мұрасынан алатын үлесі қосылып, сосын барып өз мұрагерлері арасында бөлінер еді.

5) Өгей бала мұраға ие бола алмайды. Өйткені, Ислам шариғаты бойынша мұраға ие болу үшін екі түрлі себеп керек. Біріншісі – қан жақындығы. Екіншісі – неке[5]. Ал, асыранды баланың бойында бұл себептер жоқ. Бірақ, мұндай жағдайда көзі тірісінде оған енші беруге немесе дүниесінің 1\3 бөлігінен аспайтын мөлшерін өсиет етіп қалдыруға болады.

Қуаныш Файзоллаұлы

Абай облысы бойынша пәтуаға жауапты маман

 

[1] Мәусили, Әл-Ихтияр, 5/115-116.

[2] Мәусили, Әл-Ихтияр, 5/115-116.

[3] Тәсһилул фәраид, 25-бет.

[4] Тәсһилул фараид, 27-бет.

[5] Тәсһилул фараид, 15-бет.