Абай облысы, Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық дүбірлі мерейтойы басталды. Мерейтойдың алғашқы күні ұлы ақын Абай Құнанбайұлының құрметіне тұңғыш энциклопедиялық портал ашылды. Бұл портал Абайдың шығармаларының кеңінен таралуына, әсіресе жастарға насихаттау ісіне рухани бағдаршам болуға тиіс. Портал платформасына Абайдың барлық көркем шығармалары, қолжазбалары мен аударламалары, ақын жайлы жазылған әдеби, ғылыми және танымдық еңбектер, естеліктер мен академиялық жинақтар қамтылған.
Сондай-ақ, Абайдың алғашқы қолжазбасы мен тұңғыш кітабынан бастап, бүгінге дейінгі мұралары жоғары сапада жинақталған. Бұл өркениетті елдер тәжірибесіндегі ұлттық классиктерге арналған толыққанды электронды база үлесі. Енді Абай туралы іздеген әрбір жан “Абай академиясы” порталы арқылы көп ақпаратқа еркін жете алады.
“Абай академиясы” порталының таныстыру салтанатына арнайы Абай облысының әкімі Берік Уалиұлы қатысып, жұртшылықты үлкен мерейтоймен құттықтады.
“Абай академиясы” порталы арқылы тек Абайдың шығармалары емес еліміздің Абайтанушы ғалымдары және олардың зерттеу еңбектерімен танысуға болады
Бұл порталда өскелең жас ұрпаққа да Абайдың кім екенін тануға үлкен мүмкіндік жасалған. Балаларға ыңғайлы форматта ақпараттар жинақталған. Сонымен қатар шетел азаматтары да Абай туралы порталға өз сұрақтар қойып, жауабын ала алады.
Бұл ізгі шарадан бөлек қаламыздағы “Түйемойнақ” аралында этноауылдың ашылу салтанаты өтіп, өз жұмысын бастады.
Бұл шаралар Абайдың 180 жылдығына жоспарланған тойлардың бастамасы ғана. Алдағы 10 күндікте тағы да рухани шаралар өз кезегін күтуде.
























Пікір қалдыру