АБАЙ ОБЛЫСЫ: ШӘКІРТТЕР АРАСЫНДА ҚҰРАН ЖАРЫСЫ ӨТТІ

ҚМДБ Абай облысы өкілдігі, Тыныбай мешітінің ұйымдастыруымен “Духа – Нас” сүрелері аралығында жатқа оқу бойынша облыстық сайыс өтті.

Білім сайысына Абай облысы мешіттерінің жанындағы діни сауат ашу курстарында тәлім алып жүрген 17 шәкірт қатысты. Жиынның алғы сөзін Тыныбай мешітінің Бас имамы Мақсат қажы Қуанышбекұлы бастап, Алланың мұғжиза ретінде түсірген кітабының мәртебесін түсіндіріп, Құран жарысының маңызына тоқталып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Құран сайысына төрелік етіп Абай облыстық орталық мешітінің ұстазы Ералы қари  Нугуман және Хәкім Хазірет мешітінің бас имамы Байбатыр қари Шыңғысбекұлы әділқазы болды.

Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Мақаншы ауданы, Қабанбай мешітінен Зейноллаев Азамат жеңіп алып, 50 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. 2-орынды Семей қаласы, Даланбай ата мешітінен Мураткалиев Нұрсұлтан (30 мың теңге), 3-орынды Тыныбай мешітінен Архат Мейрамбекұлы және Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіт шәкірті Далзагазыев Ринат (20 мың теңге) иеленді.

Қасиетті Құран сүрелерін жадында сақтап, жатқа оқудан мүдірмеген сайыс жеңімпаздарын Тыныбай мешітінің бас имамы Мақсат Қуанышбекұлы өз қолымен марапаттап, қаржылай сыйлықтар мен сертификаттарын табыстады. Жарысқа қатысқан шәкірттерге алғысын айтып, арнайы сыйлықтар мен алғыс хат ұсынды.