ӘКЕГЕ ҚАРАП ҰЛ ӨСЕР, АНАҒА ҚАРАП ҚЫЗ ӨСЕР

Бала ата-ана үшін үлкен нығмет. Өйткені көздің нұры. Бүгін кішкентай болып жүрген бала – ертеңнің азаматы. Сол кішкентайынан тәрбиесіне мән беріп, мінезінің жақсы болуына жән иманды болып өсуіне аса қатты көңіл бөлу керек. Баланың ішіп-жейтін тамағына мән бергеніміз секілді рухани азығына да мән беруіміз қажет. Тамақтануы әлсіз болған баланың физикалық тұрғыдан әлсіз болатыны сияқты, рухани азығы болмағанның соңы жақсылыққа апармайды. Баланың тәрбиесіне байланысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисі аса қатты назарға алынғаны абзал: “Әр бала (ислам) жаратылысымен туады. Бірақ ата-анасы оны я яһуди қылады, не христиан немесе отқа табынушы қылады”. (Жамиғус-сағир 2-том, 79-бет) Әлемдерге мейірім ретінде жіберілген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осылай айтып жатыр. Өзі де сонымен шұғылданатын. Балаларына әрдайым әкелік жылулығы мен мейірімін көрсететін. Балаларына мейірімділік танытпаған адамдар мейірімнен жұрдай екенін айтқан. Кішкентай бала көргенін бірден қабылдайды. Өйткені ол қолданылмаған дыбыс таспасы секілді. Таспа қалай естіген нәрсесін бірден қабылдайтын болса, бала дәл солай естіген және көрген нәрсесін бірден қабылдайды. Сол үшін ата-анаға оған жақсы үлгі-өнеге көрсету керек. Бүгін жаман мінезді және тәрбиесіз көрінген балалар болса, олардың тәрбиесіне жауапты ата-анасының немқұрайлығынан болған. Бүгін дұрыс тәрбие бермеген ата-ана ертең баласының бұзықтығы үшін сұралады.

Баласы болған адамдардың мына нәрселерге мән беруі ләзім:

Ұл болса қуанып, қыз болса қайғырмау керек.

Баласы дүниеге келуімен сүйіншілеген адам, туылған баланы нығмет санап, Аллаға шүкір ету қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Баланың иісі – жаннаттың иісі” деген. Баланың жылағанынан ата-ана мұңаймау керек. Өйткені оның жалауы – ата-ана үшін дұға.

Бала туылғанда ұл болса қуанып, қыз болса қайғыруы дінімізде құпталмаған. Өйткені олардың қайсысы олар үшін пайдалы болатынын Алладан басқа ешкім білмейді. Бұған байланысты Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: “Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі һәм иелігі бір Аллаға тән. Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз сыйлайды, қалағанына ұл сыйлайды. Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу етеді. Шүбәсіз, ол бәрін білуші, бәріне толық құдіретті”. (Шура сүресі, 49-50-аяттар) Бірінші аятта қыздың бірінші айтылуы оның берекетті екендігіне белгі делінген. Олай болса қыз дүниеге келсе өте қатты қуануымыз керек. Қаншама еркектер бар: ұл баланы аңсап жүрген. Бәлкім, олар үшін қыздың берген пайдасын ұл бере алмайды. Әрі қыздың тәрбиесінде сауап көп.

Қыздарға жақсы тәрбие беру керек. Ислам дінін жақсы үйретуін әйелдеріне ескерту қажет. Өйткені қыздар уақыттарының көбісін аналарының қасында өткізеді. Әке сыртта жүріп, оның қасында көп бола алмағандығы үшін, әйеліне жиі-жиі ескерту керек. Ер баланың тәрбиесіне әкенің қатты әсері болғаны сияқты қыздың тәрбиесіне ананың рөлі өте зор.

Пайғамбырымыз (с.ғ.с.) былай дейді: “Кімде-кімнің бір қызы болса, сол қызына Ислам тәрбиесін берсе және тәрбиесін толықтай орындаса, оған халал тағамдар беріп және Алланың өзіне берген нығметтерден оған да берсе, ол қыз әкесін тозақтан қорғауға жәрдемші болады, әрі жаннатқа баруын жеңілдетеді”.

Әнәс (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізді: “Кімде-кім базардан әдемі әрі жаңа бір нәрсе алып, балаларына апарса, ол адам садақа берген секілді. Оларға бергенше жалғасады. Апарғанда ұл балаларынан бірінші қыз балаларына берсін. Өйткені қызын қуантқан адам Алладан қорқып жылаған секілді. Ал Алладан қорқып жылаған адамның денесін Алла тозаққа харам қылады”.

Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: “Кімнің үш қызы немесе қарындасы болса, олардың берген қиыншылықтарына сабыр сақтаса, Алла оған жасаған жақсылықтары үшін жаннатқа кіргізеді”.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сахабалардан біреуі: “Уа, Расулалла! Екеу болса қалай болады?” – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Екеу болса да дәл солай”, – деді. Басқа біреуі: “Біреу болса қалай болады?” – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Біреу болса да дәл солай”, – дейді.

Тағы да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қыз бала жайлы былай дейді: “Кімнің бір қызы болса, оған Ислам тәрбиесін берсе және Алланың берген нығметтерімен оны өсірсе, Алла Тағала оны тозақ отынан қорғайды”.

“Сезім ұясы” кітабы негізінде дайындалды.