Абай облысы өкілдігінің «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Адал қоғам құрудағы аналардың рөлі» атты рухани-танымдық шара өтті.
Шараның шымылдығы халқымыздың ұлттық дәстүрі мен әжелер өнегесін дәріптейтін ерекше көрініспен ашылды. Ардақты әжелеріміз қонақтарды дәстүрлі әнмен қарсы алып, шашу шашып, ақжолтай тілектерін білдірді. Бұл – дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығын көрсеткен тағылымды сәт болды.
Шара барысында қазақы тәрбиенің мәнін ашатын көріністер ұсынылды. Атап айтқанда, қолға су құю, келіннің сәлем салуы, бесікке бөлеу, ене мен келін арасындағы сыйластық, әженің ақ батасы секілді ұлттық құндылықтар сахналық қойылым арқылы көрерменге жеткізілді.
Рухани бөлімде ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы «Әйел даналығы» тақырыбында насихат айтып, әйел-ананың отбасы мен қоғамдағы жауапкершілігіне тоқталды. Ал Алматы қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлмира Ілейсбайқызы «Отбасы құндылығы» тақырыбында тағылымды ойларымен бөлісті.
Кеш барысында ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ-ға арналған Мәуліт оқылып, салауаттар айтылды. Сонымен қатар бұған дейін ұйымдастырылған салауат жарысының жеңімпаздары анықталып, марапатталды.
Шарада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Әйел-қыздар секторының 10 жылдық мерейтойы да атап өтіліп, осы игі бағытта еңбек етіп жүрген ұстаздарға құрмет көрсетілді. Қонақ ұстаздарға қазақы дәстүрмен шапан жабылып, сый-сияпат жасалды.
Кеш соңында ақ жаулықты әжелеріміздің ақ батасы беріліп, рухани-танымдық шараны Абаә облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Данагүл Төлегенқызының ізгі тілегімен қорытындыланды.
Дін мен дәстүр сабақтасқан, ананың өнегесі мен әженің батасы дәріптелген тағылымды кеш – ұрпақ тәрбиесінің ұлы жолындағы игі бастамалардың бірі болды.
Аналар аман, шаңырақтарымыз берік, ұрпағымыз иманды, қоғамымыз адал болғай!




























Пікір қалдыру