ҚМДБ ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР СЕКТОРЫ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ АБАЙ ОБЛЫСЫНА САПАРЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы бастаған ұстаздар қауымы, атап айтқанда, Алматы қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлмира Ілесбайқызы, Павлодар облысы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Тұрғынбай Акерке, Шығыс Қазақстан облысы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Айзат Аскарбекқызы Абай облысына арнайы сапармен келіп, бірқатар тағылымды шараларға қатысып қайтты.

Ізгі сапар барысында Абай облыстық орталық мешітінің ұйымдастыруымен өткен “Адалдықтың жаршысы – Мұхаммед ﷺ” атты облыстық мәуліт кешіне қатысып, рухани жиынның куәсі болды. Кеш соңында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен Мұнара телеарнасының тілшілеріне Мәуліт айының маңызы жайлы сұхбат берді.

Келесі күні аталған делегация қазақтың ұлы ойшылы, хакім Абай жатқан Жидебай жеріне рухани тағылымы мол сапар жасап, Абай, Шәкәрім, Зере, Ұлжан сынды халқымыздың біртуар тұлғаларының рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Жидебай жеріндегі Абай атамыздың мұражай-үйін аралап, Хакім Абайдың өмірі мен өнегесімен танысты.

Сондай-ақ, Абай облыстық Әйел қыздар секторының ұйымдастыруымен өткен “Адал қоғам құрудағы аналардың орны” атты тағылымды шараға қатысып, Абай елі жамағатына рухани уағыз-насихатын айтты. Кеш барысында тәрбиенің мәнін ашатын көріністер көрсетіліп, қазақ халқының қолға су құю, келіннің сәлем салуы, бесікке бөлеу, тұсау кесер, ене мен келін арасындағы сыйластық, әженің ақ батасы секілді ұлттық құндылықтары сахналық қойылым арқылы көрерменге ұсынылды.

Тағылымды сапар соңында Динара Құтқожақызы мен Гүлмира Ілесбайқызы Абай облыстық Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіт жанындағы Мұнара ТВ телеарнасының студиясында сұхбат беріп, рухани подкастта қоғамдағы өзекті мәселелер мен қыз бала тәрбиесі жайындағы тұщымды ойларын ортаға салды.

Осылайша, Абай еліндегі үш күнге созылған рухани сапар өз мәресіне жетіп, көптеген ізгіліктер мен жақсылықтарға толы болды.