Хакім Абайдың әкесі Құнанбай өзі оқымаса да балаларын оқытып жүргенде соңғы бір баласына Сопы Алаяр сияқты ақындарды көп оқытып, өзі де тыңдай жүреді. Сол кезде Абайдан Ысқақ артық болады дегендерге: «Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтесіңдер ғой» дейтін сөзі Абайдың өз есінде қалған екен. Бұл әкенің балаға берген бағасы, сыны. Әкесі – Құнанбайдың да, Ұлы әжесі Зеренің де жай адамдар ғана болмағаны тарихтан белгілі. Құнанбайдың өзін дәретсіз емізбеген Зере әже алдымен ұрпағына имандылық пен адамдық қасиетті үйретті. Сыртқы сұлбаңды әлдекiмге ұқсатып, айлакер сиқыршы атандыратын – пендешiлiктен алыс болуға тәрбиеледі.
Құнанбай қажының кеңінен толғап сөйлер тереңдігі, өз тұстастарының ғана емес, шетелдік саяхатшылардың да назарына іліккен. Ал бала Абайдың өлеңге құштарлығы, бала кезінде жазған өлеңдері туралы Мұхтар Әуезов былай дейді: «Тегінде, Абайдың жас шағында айтқан өлеңдері көп болмау керек. Болғаны болса, Абай қағазға жазбай, орайы келген жерде қалжың сөз ретінде ауызша айта салып, артынан өзі де ескермей ұмытылып қала берген сияқты».
Абай қара сөздері мен діни өлеңдерге бет бұрған тұс қиянатқа аттап баспайтын, жүрегiнiң басына шүкiршiлiк жинаған, маңайына адамшылық пен iзеттiлiктiң шамын жаққан, анық пайғамбарлық мінезге бет бұрған кезең еді. Өлеңдерiн, iштегi ойын ырғаққа, ұйқасқа көндiре алмаған кезде, қара сөз – ғақлияларын қағазға кестеледі. Алысты болжап, асыл ойдың тұтқынына айналды. Пендешiлiк күйкi тiрлiктен бойын аулақ ұстап, заманның тұрғысына биіктен қарағысы келді. Ақын – әлемдік гармония радары, көктегі жаратқан ие мен жердегi тiршiлiк иесiнiң жалғастырушысы деп таныған данышпан:
Алланың өзi де рас, сөзi де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас,– дегенде, ұлы ақын әр нәрсенің түбі, болмыстың негiзi – Жаратқан ие, ал сол iстiң сол мiнездiң, сол сергелдеңнiң себепшiсi жұмыр басты пенденiң өзi дегенге келтiредi. Құран аятындағы «Аллаға сендім және оның жалғыздығына сендім» дегендi негiз етiп, «Аланның өзi бар, оның сөзі – Құран. Құран сөзi ешқашан жалған болмайды» дейдi.
Жер бетiндегi барлық ғылымдардың қайнар көзі – Құран Кәрім екендiгiн бүкіл әлем анықтап отыр. Оған дәлел – әртүрлі ғылым салаларының беделді өкiлдерiнiң оқымыстылары Құран Кәрiмдi Алланың сөзi екенін мойындап, мұсылман дiнiн қабылдап жатқандары. Жаратылыстың адамзат шешіп болмаған толып жатқан жұмбақтары бар. Оны шешу үшiн әлбетте алдымен жаратылысты, Жаратқан иенің жұмбағын шеше бiлу қажет. Абайдың сан қайталап айтқан «діни» ұғымдағы өлеңінде бүкіл жаратылыс, кеңiстiк, бізге беймәлім тiршiлiк иелері, қоршаған ортаның сыры мен сипаты қосылып, ақынды ерекше күйге баурайды.
Ақын арғы-бергі бiлiмпаздарды көп зерделеген, өзі де үлкен жүректiң иесi. Ол сананың, суық ақылдың ғана айтқанымен жүрген адам емес, уақтынан, ортасынан барынша озып, басқаша ой кешiп, бөлектене бiлген сезiм сипатының иесi. Ендеше қатты күйзелiске түсiп,өз ортасынан бөлектенiп, ешкiмге жоламай, бөлекше тiршiлiк кешкен ақын табиғаты бiзге әлi жұмбақ. «Мен өзім тiрi болсам да, анық тiрi емеспін» деген Абай осы сөзiмен-ақ өзге дүниенің есiгiн ашып, айтқызбай-ақ беймәлім тiршiлiк иелерімен ұғысып тұрған қалпымен-ақ бүгiнгi ұрпақпен үндеседі.
Абайдың: «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер…», «Күллі мақлұқ өзгерер, Алла өзгермес…», «…Алланың өзі де рас, сөзі де рас!» деген сынды өлең жолдарынан, намазға, иманға, өзге де діни амалдарға қатысты жазбаларынан оның Құранды жақсы білгенін, ислам дінін жетік зерделегенін көреміз. Абайдың Ахмет Риза медресесінен білім алғанын тарихтан білеміз, алайда, оның діни сауаттылығы медресенің деңгейінен әлдеқайда жоғары.
Қазіргі таңда Абайды түгел зерттеп танып болдық» деген жаңылыс пікір тарап жүр. Абайдың әлі күнге дейін терең зерттелуді қажет ететін өлеңдері, сөздері көп. Соның бірі : «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» өлеңінде мынадай жолдар бар:
Амантү оқымаған кiсi бар ма,
Уәктүбиһи дегенмен iсi бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлықпен ол сiздерге, сіз де оларға.
Амантү деп отырғаны – Құран аяты. «Бұл жұрттың Құран сөзiне сенемін дегенмен iсi бар ма» деп налиды.
Жаратылыс әлемi мен адам әлемі – ұшы-қиырсыз, басталуы да, аяқталуы да жоқ, тек Жаратушының өзіне ғана аян жұмбақ дүние. Алла өзгермейді, адам өзгереді. Сыртқы сұлбаңды әлдекімге ұқсатып, айлакер, сиқыршы атандыратын – пендешiлiк. Кейбiреулер пенде-ғұмырда дәулетiнiң буына мастанып, Алла тағалаға қарайтұғын қалыбын дүниеге бұрып, боямасыз ықыласын мүлде естен шығарады. Өз қалыбын өзiнше өзгертiп, өзге боп көрінуге тырысушылық – шайтанның iсi.
Адамшылық жолы – Алла тағала әу баста берген қалыбыңды сақтап, оны заманға, мезгiлге байланысты өзгертiп, басқаша қылып көрсетуге тырыспай-ақ тiршiлiк кешу. Екiжүздiлiкпен тiрлiк қылғанда басыңа бақ қона ма? Өзгеге ұқсаушылық түптiң түбiнде өзiңдi кемсітумен пара-пар. Перiштенiң – періге, перiнiң шайтанға айналуы оп-оңай.
Адам нәпсі, өзiмшiл мінезбенен,
Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес, – деп отырғаны, мына тезек дүниенiң тезегін теріп, өлiп-өшiп жүргенде, бiр-бiр шайтанға айналып кетпейiк дегенi.
«Күллі мақұлық өзгерер Алла өзгермес» дейді. Абай. Адамның адамшылық қасиетi үш-ақ нәрсе: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Осыларды бұзатын және үш iс бар: пайда, мақтан, әуесқой. Мұны айтқан да Абайдың өзі. Адамның мiнезi иман таразысы секiлдi пайда ойлап, мақтан қылып, әуесқойлық жеңіп, күнде өзгереді. Өзгермейтін жалғыз ғана Жаратқан иесі, сөзi мен пәрменi. Ендеше, қылпылдаған таразы басындай достың көңiлi өзгердi, пейiлi бұзылды, өзгермелi заманның ығына естi деген осы. Әл-Фарабидің «Кемеңгерлік меруерті» деген әйгiлi кітабының әрі ойлы әрі аса мазмұнды түсiнiктемесiмен Абай да таныс болған деген тұжырым бар.
Сан берген, сана берген, санат берген,
Инсан деп саналыға ол ат берген.
Жаратып барша әлемді жалғыз нұрдан,
Жауһари нұр сәулесін тарат деген, – деп әл-Фараби бабамыз айтқан ойды Абай: Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, сол Алланы жаннан тәтті, – деп өрбiтiп әкетеді.
«Құдай тағаланың жолы деген ниһаятсыз болады» дейді ақын өзiнiң 38-қара сөзінде. Оның ниһаятына (шегiне) ешкiм жетпейдi. Бiрақ, сол жолға жүрудi өзiне шарт қылып кiм қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делiнедi. Жаратушы иенiң шегi жоқ өзгеше әлемiнiң есiгiн ашып, дәм-тұзын татып, тiршiлiк ләззатына бату, жар сүю, бала өсiру, махаббат пендесiне ғана бұйырған. Жақысылыққа таспай, жаманшылыққа саспай, сол Жаратқан ие сызған жарық сәулемен iлгерi басу, адамдарға ғана тән. Осының өзі кемел бағыт, келелі күнгі шүкiршiлiк. Көңiлдiң тоқтығы, жүректiң иманигүлi. Өз пайдасын ғана ойламай, өзгелерге де жақсылықтан шам жағып, жылу тарта жүріп, сапар шегу толық адамға жеткiзедi.
Адам нәпсі, өзiмшiл мінезбенен,
Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес, – депті тағы да. Адамның табиғатынан келе жатқан осалдығы неде? Адам қаншама терiс, қисынсыз тiрлiк жасаса да, «өзiмдiкi терiс болыпты» деп өзін iреп-мiнеп сынауды жақсы көрмейдi. Әйтеуiр бiр себеп-салдар iздеп, iлiк тауып, дұрысқа шығарғысы келедi. Мұнымен тұрмай, өзiн ерекшелегендi, өзге кiсiнiң өзiнен бiр саты болса да төмен тұрғанын ұнатады. Жағымпаз, мүләйiм мінез танытқан сыбайласына «жоқ» деп бетінен қайтарып, турасын айтып, туғанына жақпайтын мiнездi тағы таппайсыз. Бұл шынның жүзiне тура қарауға құдiреттiң жетпейтiндiгi болса керек. Өзiнiң дұрыс iстемегенiн жуып-шайғысы кеп, өзгенi кiнәлеуға құлшынып, керiсiнше өз басындағы кемшiлiкке сыншыл мiнез таныта алмау – адамға анық қатер. Түптің түбiнде жақын деген адамдарынан бөлiнiп, бөлекшеленiп қалуы мүмкiн. Осы шындықты барынша терең түсiнiп, өз кiнәсiн, өз мiнiн көзге шұқып көрсетіп айту әдебиетте Абайдан басталған десе де болады. Ендеше ақынның «Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім де өз сөзiм емес, бәрі де әлдекiмдiкi», «бойымдағы мiндi санасам, тау тасынан аз емес» дегенінде үлкен сыр жатыр.
Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы.
Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы, – деген Абай – ең әуелі жан дүниенiң құбыла өзгеруiн қас қақпай танитын, өзiн де, өзгенiң де iшкi сарайын айнадан көргендей көрiпкелдiкпен тамыршыдай тап басып айтатын қасиет иесi. Ол – жан құбылысын рухтан, қасиеттi Құраннан ажырата бiлушi, Құран сөздерiн пәлсапалық тұрғыда түсiнушi ғұлама.
Пікір қалдыру