2024 ЖЫЛДЫҢ ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Абай облысы, Семей қаласында «Абай Құнанбайұлы» атындағы орталық мешітте «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында жылдық жоспар талқылау жиыны өтті. Бас қосуға барлық қала,аудан имамдары қатысты. Жиын барысында 2023 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, биылға арналған жоспар талқыланды.

Жалпы, дін мен дәстүр үндескенде, ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Дін дамып, дәстүр сабақтасады. Ислам діні мен қазақтың салты тамырласып кеткен. Бір бірінен ажыратуға болмайды. Облыс көлемінде атқарылған іс-шаралар осының дәлелі іспетті. 2023 жыл «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай облысымыздың дін қызметкерлері «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыттары бойынша жұмыс жасап келеді.

Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов былтыр жасалған жұмыстардың нәтижелі болғанын атап өтті. Дегенмен, биылғы жылға жоспарланған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу басты мақсат екенін жеткізді. 2024 жылы дін саласында ауқымды жұмыс жоспарланып отыр. Солардың бірі «Құнанбай Қажы және қазақ даласындағы билердің орны» атты республикалық конференция. Сонымен қатар, «Ислам және дәстүр құндылығы» атты жиын барысында қасиетті Рамазан айына мешіттердің дайындығы пысықталды.

Жиын соңында бас имам Асқар Әбітайұлы дін тек сенім жүйесі емес, адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, оқу-білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты асыл құндылықтар мен бірге адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі екенін тағы бір мәрте атап өтті. Яғни дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды. Осы жолды насихаттауда облыс бойынша 168 дін маманы еңбек етуде.