АБАЙ ОБЛЫСЫ: “МҰНАРА” ТЕЛЕАРНАСЫ “АДАЛ АС” КӘСІПОРНЫМЕН ТАНЫСТЫ

Республикалық “Мұнара” телеарнасының басшылығы “Алашқа адал кәсіп” бағдарламасы үшін арнайы түсірілімге Абай облысы, Семей қаласындағы “Адал ас” кәсіпорнына барды.

“Адал ас” кәсіпорнының нарықта жүргеніне 15 жылдан асты. Сол жылдар аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Халал сертификатын иеленгеніне 10 жылдан астам уақыт өтті.

Бас директор Болат Бекенайұлы кәсіпорынның негізін қалаушы Ермек Асылғазыұлымен танысып, сұхбат құрды. Сұхбат барысында осы кәсіптің бастауы қай кезде, қалай орын алды деген сынды сұрақтармен таныс болды. Жалпы бұл кәсіпорын ұлттық тағамдарымызды дайындайды. Атап өтсек бауырсақ, талқан, жент, құрт, т.б. ұлттық өнімдерді халыққа ұсынады. Ермек Асылғазыұлы тек қана “Адал ас” кәсіпорнымен шектеліп қоймай, “Абай елінен сарқыт” атты дүкенін ашқан. Ол дүкеннен “Адал ас” өнімдерін алуға болады.

Кәсіпорын арнайы техникалармен жабдықталған. Бауырсақтың дәмі нағыз қазақилықты жеткізу үшін қазанда отқа қуырылып жасалады. Сол жердегі жұмысшылармен де тілдесіп, сұрақ қойып, тұщымды жауаптар алынды. Қорыта келгенде, кәсіпорындағы әр жұмысшы өз жұмысын махаббатпен жасайды. Сол арқылы “Адал ас” өнімдері қазіргі таңда халықтың көңілінен шығып отыр.

Сұхбат аяғында Ермек Асылғазыұлы бұл өнімдерді көрші ел Қытай мемлекетіне экспорттауға ниетті екенін атап өтті. “Мұнара” телеарнасының бас директоры Болат Бекенайұлы алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, еңбектерінің жемісін көруге тілекші екенін білдірді. Көрермендерге еліміздің адал әрі пайдалы өнімдерін қолданып, қолдау керек екенін айтып, бағдарламаны аяқтады.

“Алашқа адал кәсіп” бағдарламасын “Мұнара” телеарнасының жаңа маусымында тамашалап, көзайым бола аласыздар. Жаңа  маусым қазан айының бірінші жұлдызында басталады.