Абай облыстық орталық мешітінде биылғы Қадір түні ерекше өтті. Кеш қарай мешітке ағылған жамағаттың қарасы көп болды. Абай облысының бас имамы халықты қасиетті Қадір түнімен құттықтап, бұл түннің мәні мен маңызы жайлы тағылымды насихат айтты.
Жамағат болып Құптан, Тарауық намаздары оқылып, «Көп тілеу көл», – дегендей көпшілікпен дұға жасалып, Алладана елдің амандығы мен халықтың тыныштығын сұрады.
Намаздан соң Рамазан айында бір ай бойы мешіттегі дін сауат ашу дәрістеріне тұрақты түрде қатысып, Құран әліппесін тәмамдаған жамағатқа ұстаздар арнаулы сертификаттар табыстап, Құранға басқан алғашқы қадамдарына береке тіледі.
Рамазан – Құран түскен ай болғандықтан, мешітке жиналған жамағат арасында Құранның Шәмс және Нәс сүрелері арасында жатқа оқу сайысы өткізіліп, жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен мараптталды.
Сондай-ақ, жиылған көпішілікті бір сергітіп алу үшін дін мен дәстүрге байланысты викториналық сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылып, дұрыс жауап берген жандарға құнды сыйлықтар табысталды.
Арасында жамағаттың өздері жеке құлшылық жасай алулары үшін еркін уақыттар берілді. Сондай-ақ, түн ұзақ болғандықтан халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында мешіт сыртында Халал жәрмеңке ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, мешіт имадары тарапынан халықтың рухани ілімін арттыру мақсатында тұщымды уағыздар айтылып, Рамазан айы басталғалы бері күнделікті оқылып жатқан Құран Хатымның кезекті бөлігі оқылды.
Сондай-ақ, ерекше эмоция сыйлаған сәттердің бірі – мешіттегі барлық іс-шараларды видеоға түсіріп, арнайы репортаж әзірлеп жүрген Мұхаммед есімді оператор азаматқа табысталған Умра қажылығына жолдама болды.
Осылайша, халыққа ерекше әсер сыйлаған Қадір түні де мәресіне жетіп, мешітке жиналған жамағат Таң намазын оқып үйлеріне тарқасты. Алла Тағала қасиетті Қадір түніндегі барша мұсылман қауымыныҢ қылған құлшылық-ғибадатары мен тілеген дұға тілектерін қабыл етсін!



























Пікір қалдыру