Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Абай облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен халықаралық қарттар күнінде қарттарды ардақтап, үлкенге құрмет көрсету, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу мақсатында «Қарттарым – асыл қазынам» атты рухани жиын өтті. Тағылымды шараның басында бабалар рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.
Жиын барысында Абай облысының Бас имамы – Асқар Әбітайұлы құттықтау сөз сөйлеп, қариялардың қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып өтті. Сондай-ақ Абай облысы бойынша «Ақсақалдар алқасының» төрағасы – Мұрат Сейсенұлы сөз сөйлеп, игі бастамаға ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Шара барысында дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптейтін тағылымды рәсімдердің бірі – кішкентай бүлдіршіннің тұсаукесері өткізілді. Ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашып, ақсақалдар ақ батасын беріп, бүлдіршіннің қадамына сәттілік тілеп, ізгі ниеттерін білдірді. Жиын соңында Асқар Әбітайұлы қарияларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти – Наурызбай қажы Тағанұлының атынан арнайы сый-сияпат табыстады.
Рухани жиын барысында қарияларға құрмет көрсетіліп, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолының жас ұрпақ үшін маңызы айрықша екені айтылды.
























Пікір қалдыру