АЯГӨЗДЕГІ АЙТ НАМАЗЫ

Қасиетті Рамазан айының бітуімен айт мейрамын әлем мұсылмандары тойлап, айт намазы оқылып, келесі жылғы ұлық айға жетуді аңсап, қимай қоштасу – әрбір момын-мұсылманның басынан өткерілетін ерекше сезім. Аягөз қалалық мешітіне таң бозынан жиылған жамағатқа бас имам Алмас Айткәрімұлы айт мерекесі жайлы уағыз – насихат айтып, айт намазының оқылу тәртібін баяндады. Айт намазы оқылып, Құран бағышталып, ел – жұрт амандығы мен тыныштығы тіленді. Айт намазынан соң, жиылған көпшілікке: «Айт қабыл болсын, айттық бізден болсын!», – деген аталы сөзге орай, ыстық тағам таратылды. Ал, ел ағасы ақсақалдарға үлкенді сыйлаған қазақы дәстүрімізге сай, айттық ақдастархан жайылды. Дастархан басында қасиетті Құран оқылып, үлкендеріміз салиқалы сөздерімен нәрлеп, жастарға ақбата – тілектерін жаудырды.
Алла Тағала баршамызды айттан айтқан дін-аман, береке-бірлікте жетуге жазсын! Әмин!