ЕДЕНДЕГІ ШАҢМЕН ТАЯММУМ АЛУҒА БОЛАДЫ МА?

Таяммум араб тілінде бағытталу, ниеттену деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы: екі хадестен тазалану ниетімен су болмаған жағдайда топырақты немесе басқа жер жынысын пайдалану.

Жаратушы Иеміз бұл жөнінде былай деген:

وَإِن كُنتُم مَّرْضَىٰ أَوْ عَلَىٰ سَفَرٍ أَوْ جَاءَ أَحَدٌ مِّنكُم مِّنَ الْغَائِطِ أَوْ لَامَسْتُمُ النِّسَاءَ فَلَمْ تَجِدُوا مَاءً فَتَيَمَّمُوا صَعِيدًا طَيِّبًا فَامْسَحُوا بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْۗ إِنَّ اللَّـهَ كَانَ عَفُوًّا غَفُورًا

«Ал егер науқас немесе жолаушы болсаңдар, яки үлкен дәретке отырып келгеннен не болмаса әйелмен төсек қатынасына түскеннен кейін (жуынатын) су таба алмасаңдар, таза жер жынысына тәяммум соғып (яғни алақандарыңды таза топыраққа соғып), онымен беттеріңді және қолдарыңды сипаңдар»[1].

Бұл аяттағы (الصَعِيدُ) – жер жынысы топырақты және одан басқа әртүрлі құм-тастарын, гранит, мрамор, ізбес тас, бор т.б. қамтиды.

Енді шаңмен таяммум алу мәселесіне келсек, имам Әбу Ханифа мен Мұхаммад былай деген: «Таяммумды топырақ, шаң, құм, тас, гипс, әк, сүрме ұнтағы, күшән (мышьяк) секілді жер жыныстарымен алуға болады. Ұрғанда қолға шаңы ілінбейтін ылғалды топырақпен де, сор (тұзды) топырақпен де, шаңмен де таяммум алуға болады. Бойына шаң жинаған кез келген нәрсеге екі қолды соғып, шаң көтерумен де таяммум алуға болады»[2].

«Әл-Фәтәуә әл-Һиндия» еңбегінде былай деп келтірілген:

«Жер жынысынан болған шаңмен таяммум алу тәсілі: екі қолды киімге, киізге, жастыққа не осы секілді таза әрі шаңы бар нәрселерге соғу арқылы жасалады. Егер шаң екі қолға тисе, сонымен таяммум алынады. Сондай-ақ, киімді сілкігенде ауаға шаң көтеріліп, оған қолдарын тосқанда шаң екі қолға жұқса, онымен де таяммум жасалады. «Әл-Мухит» еңбегінде де осылай айтылған»[3].

Қорыта айтқанда, едендегі жер жынысынан болған шаңға (ол жер нәжістен таза болса) екі қолды соғу арқылы таяммум алуға болады.

  Дархан Манарбекұлы Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы

[1] «Ниса» сүресі 43-аят.

[2] «Әл-Фиқһ әл-Исләми уа әдилләтуһу», 1/589. [3] «Әл-Фатауа әл-Һиндия», 1/27. «Радду әл-Мұхтар», 1/171.