ЫҚЫЛАС – ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ НЕГІЗІ

Хәкім Абай қара сөзінде: «Махшарға барғанда Құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт – соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана Құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр[1]» дейді. Бұл – хадис.

Имам Муслим хадис кітабында, сахаба Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен. Хадисте: «Қиямет күні адамдардың ішінен ең алғаш болып шейіт сұралады. Алла құзырына әкеліп, берілген нығмет (күш-қуат, батырлық, ер жүректілік) көрсетіледі. Осы нығметтің қарымына не істедің?,-деп сұралады. Шейіт: “Сенің жолыңда соғысып, жанымды бердім”,-дейді. Сонда оған: “Өтірік айтып тұрсың. Сен жұрт батыр десін деп соғыстың. Солай айтылды да,-деп, оны тозаққа лақтыруға бұйрық беріледі. Сосын білім алған адам сұраққа шақырылады. Алла Тағала оған Құранды үйреткен. Оған берілген (Құран оқу, мағынасын түсіну, дін білімін меңгеру) нығметтері көрсетіледі. Осы нығметтің қарымын қалай бердің?”,-деп сұралады. Ғалым: “Білім алып, сол білімді жұртқа үйреттім. Сенің жолыңда Құран оқыдым”,-дейді. Сонда: “Айтқандарың өтірік. Сен білімді жұрт ғалым деп айтсын деп үйрендің. Құранды ел қари десін деп жаттадың. Ел-жұрт та қалағаныңдай айтты”,-деп оны да тозаққа тастауға әмір етеді. Мұнан соң есепке дәулетті адам тартылады. Алла оған байлықтың барлық түрін берген еді. Көз алдына берілген сол нығметтер көрсетіліп, “Бұлардың шүкірі ретінде не істедің?”,-деп сұралады. “Сенің жолыңда жұмсауға болатын әрбір ізгілікте Сенің разылығыңа жұмсадым”,-дейді. “Айтқаның өтірік. Жұрт жомарт десін деп дүние шаштың, дегеніңе де жеттің”,-деп тозаққа тасталады[2].

 Хәкім Абай осы риуаятты түсіндіруі тектен тек емес. Бұл хадис – құлшылықтың өзегі ықылас хақында. Әрбір құлшылықта ниетті Аллаға арнау, басқа ешбір ой-ниетті араластырмау – ықылас. Аталмыш хадисте үш адам: шейіт, дәулетті кісі және Құран ілімінің ғалымы айтылуда. Әрине, ықылас әрбір адамнан талап етіледі. Алайда, риуаятта айтылған үш кісінің орны бөлек. Өмірін туған жері мен діні үшін пида ету асқан батырлықты қажет етеді. Атымтай жомарттың да елге пайдасы көл-көсір. Ал, Құран іліміне өмірін арнаған адамды айтпаса да түсінікті. Алайда, осындай жанкештіліктің өзі ықылассыз ешбір пайдасы жоқ. Хадистегі үш кісі істеген амал шариғатымызда ең үлкен құлшылық. Мұны ықыласпен жасағанда олар жәннаттың төрінен орын алар еді.

Қасиетті Құранда: «Олар бір Аллаға шын көңілден (ықыласпен) құлшылық етуге бұйырылған еді…[3]»,-деп құлшылықтың сырын аша түседі. Ықылас – ешбір қоспасыз, таза дегенді білдіреді. Демек, ықылас – құлшылықтың рухы. Құлшылық пен қарапайым істің ара-жігін ажыратып тұрушы ықылас. Тіпті, құлшылықты қарапайым қимыл-әрекет етіп жіберетін, ал қарапайым істі құлшылық мәртебесіне өсіретін де ықылас. Мәселен, арықтау үшін тұтқан ораза құлшылық емес. Сол сияқты жаттығу мақсатында оқылған намаз да ғибадат емес.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, имам Ахмед (р.а.) ықыласқа: «Ешбір дүниелік мақсатты көздемей жасаған ісің» деп анықтама берген. Әрине, ықылас жүрек ісі. Оған қол жеткізу үшін нәпсіні тәрбиелеу қажет. Ғалымдар: ықыласқа қол жеткізу сияқты көп тер төккен ісім болмады, деп жүрекке ықыласты қалыптастыру қаншалықты қиын іс екенін айтқан. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла Тағала шынайы (ықыласпен) әрі Оның разылығы үшін болған амалды ғана қабыл етеді[4]»,-деген.

 

Қалқаман-2 мешітінің

бас имамы, дінтанушы Руслан Қамбар